Мүліктік және мүлікпен байланысты мүліктік емес даулар бойынша талап арыз беру
Азаматтық құқық – Бұл азаматтық құқықтық қарымқатынастарға кіретін тұлғалардың теңдігі негізіндегі мүліктік және мүлікпен байланысты жеке мүліктік емес құқықтарды реттейтін заң нормаларының біріккен жиынтығы.
Азаматтық құқық нысаны тауарлық-ақша, яғни мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастардан, материалдық және материалдық емес адаммен байланысты құндылықтардан тұрады.
Осылайша азаматтық құқық нысанына мүліктік қатынастармен қатар, адамның жеке мүліктік емес қатынастарын құрайтын мүлікпен байланысты қатынастары да кіреді.
Жеке мүліктік емес қатынастар рухани құндылықтардан, ар, намыс, іскерлік атақ, азаматтық ат, заңды тұлға атауы, төлиелік шығарма, өндірістік үлгі, ойлап шығару, және т.б. пайда болады.
Жеке мүліктік емес қатынастар жеке азаматтардың немесе ұйымдардың ерекшелігімен айқындалып, олардың адамгершілік немесе әлеуметтік құндылықтарын бағалау арқылы анықталады.
Мүліктік емес жеке қатынастар құндылықтар мен бостандық байлығы ретінде азаматтық қоғамның осы байлықтарды бағалауы, сый құрметпен қарауы негізінде қалыптасады.
Осы орайда азаматтық сот өндірісіндегі талап арыздардың талаптары, мүліктік және мүліктік емес талаптарға бөлінеді.
Арыз талаптарыңың ҚР процессуалдық заңнамасында бұлайша бөлінуі бірқатар сұрақтарды тудырады, мысалы - қандай азаматтық даулар мүліктік санаттарға, ал қандай азаматтық даулар мүліктік емес санаттарға жатқызылуы мүмкін?
Бұл сұрақтар талап арыз беру кезінде мемлекеттік баж төлеу қажеттілігіне байланысты да туындайды.
Бұдан әрі талап арыз беру кезінде даудың сипатын, қай санатқа жататындығын дұрыс негіздеу, төленетін мемлекеттік баж мөлшерін едәуір азайтуға мүмкіндік беруі мүмкін.