Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысы.
"Жол жүрісі туралы" 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 9-бабының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
2) Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелер;
3) көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесі бекітілсін.
2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының |
|
Премьер-Министрі |
К.Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 13 қарашадағы
№ 1196 қаулысымен
бекітілген
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жол жүрісі қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағындағы жол жүрісінің бірыңғай тәртібін белгілейді.
2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) автомагистраль – көлік құралдарының жүруі үшін жобаға сәйкес арнайы салынған немесе реконструкцияланған, жол бойындағы иеліктерге қызмет көрсетпейтін жол. Оған тек басқа жолдардан ғана әртүрлі деңгейлердегі жол айрықтары арқылы өтуге болады. Бұл жолдың:
бір-бірінен жүруге арналмаған бөлу жолағымен бөлінген, әртүрлі бағытта жүру үшін бөлек жүру бөліктері бар;
басқа жолдармен, теміржолдармен және трамвай жолдарымен және жаяу жүргінші жолдарымен бір деңгейде қиылыстары жоқ;
автомагистральға кіру кезінде 5.1 белгісімен және шығу кезінде 5.2 белгісімен автомагистраль ретінде арнайы белгіленген (осында және бұдан әрі жол белгілерінің нөмірленуі осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес келтіріледі);
2) автобус — жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға арналған, онда жүргізуші орнын қоспағанда, сегізден астам отыратын орны бар автомобиль;
3) автомобиль – адамдар мен жүктерді тасымалдау олар үшін қосымша функция болып табылатын ауыл шаруашылығы тракторларын немесе механикалық көлік құралдарын қоспағанда, жолдарда жүруге және олармен адамдарды, жүктерді немесе үстіне орнатылған жабдықты тасымалдауға немесе адамдарды, жүктерді немесе үстіне орнатылған жабдықты тасымалдауға арналған көлік құралдарын сүйретуге арналған, оның ішінде троллейбустарды қоса алғандағы механикалық көлік құралы. Бұл ұғым тракторлар мен өздігінен жүретін машиналарға қолданылмайды;
4) автопойыз — тіркемеге (тіркемелерге) тіркелген механикалық көлік құралы;
5) артықшылық (басымдық) - жол жүрісіне басқа қатысушылармен салыстырғанда белгіленген бағытта бірінші кезекте жүру;
6) ауыр салмақты көлік құралы - толық массасы немесе жүктеменің оның осі бойынша бөлінуі осы жол санаты мен ондағы құрылыстар үшін рұқсат етілген шекті жүктеме мөлшерінен асатын жүгі бар немесе жүксіз көлік құралы;
7) аялдау — көлік құралының жүрісін бес минутқа дейін не егер бұл жолаушыларды отырғызу немесе түсіру, көлік құралын тиеу немесе түсіру үшін қажет болса, одан да көбірек уақытқа әдейі тоқтату (көлік құралының жүрісін жол жүрісін ұйымдастыруға орайластырып тоқтату қажеттілігі аялдау (тоқтап тұру) болып саналмайды);
8) багаж - буып-түйілген және Жолаушыларды және багажды автомобиль көлігімен тасымалдау қағидаларында белгіленген нормалар шегінде автобустың, шағын автобустың багаж бөлімшесінде немесе автобусқа, шағын автобусқа ілесіп жүретін багаж автомобилінде, сондай-ақ тасымалдаушымен қосымша келісімнің негізінде таксиде тасымалданатын жолаушы мүлкі;
9) басты жол - қиылысатын (қосылатын) жолдарға қатысты 2.1, 2.3.1-2.3.3-белгілерімен немесе 5.1 белгісімен белгіленген жол немесе қиыршық тас төселген жолдарға қатысты қатты (асфальтталған, цементті-бетондалған, тас материалдар және сол сияқты) жол. Екінші дәрежелі жолда тікелей қиылыс алдында төселген учаске болғанымен, ол қиылысатын жолмен тең болып саналмайды;
10) басып озу – жүріп келе жатқан жолағынан шығумен және кейіннен бұрын жүріп келе жатқан жолағына қайта түсумен байланысты алдында жүріп келе жатқан бір немесе бірнеше көлік құралынан озып кету;
11) бөлу жолағы - жолдың аралас жүру бөлігін бөлетін және жолды елді мекеннен тыс кесіп өткен кезде жаяу жүргіншінің мәжбүрлі тоқтауын қоспағанда, рельссіз көлік құралдарының және жаяу жүргіншілердің жүруіне және тоқтауына арналмаған конструкциялық бөлінген элементі;
12) велосипед — екі немесе одан көп дөңгелегі бар (мүгедектерге арналған кресло-арбалардан басқа) және оның үстіндегі адамдардың дене күшімен қозғалысқа келтірілетін көлік құралы;
12-1) велосипедші – велосипедті басқаратын адам;
12-2) велосипед жолы – велосипедтердің жүруіне арналған және тиісті белгімен белгіленген жеке жол немесе жолдың бір бөлігі. Велосипед жолы басқа жолдардан немесе нақ сол жолдың басқа элементтерінен конструктивтік түрде бөлінеді;
12-3) велосипед жүретін жолақ – жолдың жүру бөлігінің велосипедтер жүруге арналған жолағы. Велосипед жүретін жолақ жолдың басқа жүру бөлігінен ұзына бойындағы жол таңбасы және арнайы белгілер арқылы бөлінеді;
13) газон - өсімдіктерді отырғызу және саябақ ғимараттары үшін фон болып табылатын жасанды шөп жабыны бар жер учаскесі;
14) гүлзар - ондағы өсімдіктер өрнекті немесе суретті бейнелейтін геометриялық пішін түріндегі жер учаскесі;
15) елді мекен - оған кіретін және шығатын жерлері 5.22 - 5.25 белгілермен белгіленген, құрылыс салынған аумақ;
16) жаяу жүргінші - жолда көлік құралынан тыс жерде тұрған және онда жұмыс жүргізіп жатпаған адам. Мүгедектерге арналған кресло-арбалармен жүріп-тұратын, велосипедті, мопедті, мотоциклді жетелеп әкеле жатқан, шана, арба, балалар арбасын сүйретіп келе жатқан жеке адамдар жаяу жүргіншілерге теңестіріледі;
17) жаяу жүргіншілер өткелі - жүру бөлігінің 5.16.1, 5.16.2 белгілерімен және (немесе) 1.14.1 - 1.1.14.3 таңбаларымен белгіленген және жаяу жүргіншілердің жолдан өтуі үшін бөлінген жолдың жүру бөлігінің учаскесі. Таңба болмаған жағдайда, жаяу жүргінші өткелінің ені жол осі бойынан 5.16.1 және 5.16.2 белгілерінің арасындағы арақашықтықпен айқындалады (осында және бұдан әрі жол белгілерінің нөмірленуі осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес жүргізіледі);
18) жеткіліксіз көріну — тұман, жаңбыр, шаң, қар жауу және сол сияқты жағдайларда, сондай-ақ қаракөлеңкеде жолдың 300 метрден кем көрінуі;
19) жолаушы — көлік құралының үстінде (ішінде) отыратын және оны басқармайтын адам;
20) жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдау - тұрақты тасымалдауға жатпайтын, белгіленген тәртіппен берілген лицензиялары бар тасымалдаушылар автобустарды, шағын автобустарды пайдалана отырып жүзеге асыратын тасымалдаулар;
21) жол – "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің жүруі үшін жайғастырылған немесе ыңғайластырылған және пайдаланылатын жердің барлық бөлінген жолағы не жасанды құрылыстың үсті. Жол бір немесе бірнеше жолдың жүру бөліктерін, сондай-ақ трамвай жолдарын, тротуарларды, жол жиектерін және олар болған кезде бөлу жолақтарын қамтиды;
22) жол беру (кедергі туғызбау) - жол жүрісіне қатысушы, егер бұл оған қатысты артықшылығы бар жол жүрісіне басқа қатысушылардың жүру бағытын немесе жылдамдығын өзгертуге мәжбүр етуі мүмкін болса, жүруді бастамайтынын, қайта бастамайтынын немесе жалғастырмайтынын, қандай да болмасын маневрді жүзеге асырмайтынын білдіреді;
23) жол жиегі – жолдың жүру бөлігімен тікелей қосылатын және жер қыртысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілердің қозғалысын ұйымдастыруға, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде пайдалануға арналған жолдың элементі;
24) жол жүрісі — жолдар шегінде адамдар мен жүктерді көлік құралдары арқылы немесе оларсыз тасымалдау процесінде туындайтын қоғамдық қатынастар жиынтығы;
25) жолдың жүру бөлігі - көлік құралдарының жүруі үшін пайдаланылатын жолдың бір бөлігі;
26) жол жүрісіне қатысушы — жол жүрісі процесіне жаяу жүргінші, жолаушы немесе жүргізуші ретінде тікелей қатысатын адам;
27) жол жүрісінің қауіпсіздігі - қатысушыларының жол-көлік оқиғалары мен олардың зардаптарынан, сондай-ақ жол жүрісінің экологиялық жағдайға, халықтың дене саулығына теріс әсерінен қорғалу дәрежесін көрсететін жол жүрісінің жай-күйі;
28) жол жүрісін ұйымдастыру - жол жүрісін басқару жөніндегі ұйымдық-құқықтық, нормативтік-әдістемелік, жобалау-іздестіру, ұйымдық-техникалық, бақылау-қадағалау, өкімдік және басқа да іс-шаралар кешені;
29) жол-көлік оқиғасы - көлік құралының жолдағы қозғалысы процесінде және оның қатысуымен туындаған, адамның денсаулығына зиян келтіруге, өліміне, көлік құралдарының, құрылыстардың, жүктердің бүлінуіне не өзге материалдық залалға әкеп соққан оқиға;
30) жол қиылысы – жол қиылысы ортасынан неғұрлым алыс, тиісінше қарама-қарсы жолдың жүру бөлігінің дөңгелене бастайтын жерлерін жалғап тұратын жорамалданған сызықтармен шектелген жолдардың бір деңгейде қиылысу, қосылу немесе тармақталу орны. Іргелес аумақтардан шығу, сондай-ақ олардың алдынан басымдық белгілері қойылмаған дала, орман, тұрғын аймақтарынан шығу және басқа да қосымша жолдармен қиылысу (қосылатын) орындары жол қиылысы болып саналмайды;
31) жүргізуші - көлік құралын басқаратын адам, жол бойымен мал табын, жүк артылған, жегілген немесе мініс малын айдаушы;
32) жүксіз масса — көлік құралының экипажсыз, жолаушылар мен жүксіз, бірақ толық отын қоры мен қажетті құрал-сайман жиынтығы бар массасы;
33) жүкті масса - тиелген көлік құралының, экипаж бен жолаушылардың нақты массасы;
34) жолдың жүру бөлігінің шеті - таңбалау сызығымен, ол жоқ болғанда, сондай-ақ жолдың жүру бөлігінің трамвай жолдарымен жол шетінде жанасатын жерлерде жол жабыны өтетін шартты сызықпен айқындалады. Жол жабынының жиегін, оның ішінде жол жағдайлары бойынша айқындау мүмкін болмаған кезде жолдың жүру бөлігінің шетін таптаурын жолақтың шеті бойынша жол жүрісіне қатысушы өзі айқындайды;
35) жүру жолағы — жолдың жүру бөлігінің ұзына бойғы таңбамен белгіленген немесе белгіленбеген және автомобильдің бір қатарда жүруіне жетерлік ені бар кез келген ұзына бойғы жолағы;
36) жүруге кедергі - осы жолақ бойымен жүруді жалғастыруға мүмкіндік бермейтін жүру жолағындағы қозғалмайтын объект. Кептеліс немесе осы жүру жолағында Қағидалардың талаптарына сәйкес тоқтаған көлік құралы кедергі болып табылмайды;
37) жүру үшін қауіптілік - оның барысында нақ сол бағытта және нақ сол жылдамдықпен жүрісті жалғастыру жол-көлік оқиғасының туындау қаупін тудыратын жол жүрісі процесінде туындайтын ахуал;
38) қатар ауыстыру — көлік құралының өзі жүріп келе жатқан жүру жолағын бастапқы жүру бағытын сақтай отырып ауыстыруы;
39) қауіпті жүк — тасымалдау, тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізу және сақтау кезінде оған тән қасиеттерге және ерекшеліктерге байланысты жарылыстың, өрттің немесе техникалық құралдардың, қондырғылардың, ғимараттар мен құрылыстардың зақымдануының, сондай-ақ адамдар, хайуанаттар өлімінің, жарақаттануының немесе сырқаттануының, қоршаған ортаға зиян келтіру себебі болуы мүмкін жүк;
39-1) қоғамдық көлік – жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты және тұрақты емес тасымалдауларды жүзеге асыратын, көпшілік пайдаланатын көлік, сондай-ақ такси;
40) көлік құралы - адамдарды, жүктерді немесе үстіне орнатылған жабдықты жолдармен тасымалдауға арналған құрылғы;
41) күндізгі жүру жарықтары - тәуліктің жарық уақытында жүріп келе жатқан көлік құралының алдынан көрінуін жақсартуға арналған сыртқы жарық беру аспаптары;
42) маневр жасау - қозғалыстың аялдамадан (тұрақтан) басталуы, аялдау, бұрылу (кері бұрылу), орын ауыстыру, тежеу және көлік құралының артқы жүріспен қозғалысы;
43) маршруттық көлік құралы - жол бойымен жолаушыларды тасымалдауға арналған және белгіленген аялдама пункттері (аялдамалары) бар белгіленген маршрутпен жүретін жалпы пайдаланудағы көлік құралы (автобус, троллейбус, трамвай);
44) мәжбүрлі аялдау - оның техникалық ақауынан немесе ол әкеле жатқан жүк тудырған қауіптіліктен, жүргізушінің (жолаушының) жай-күйінен, жолда кедергі пайда болуынан көлік жүрісінің тоқтауы;
45) механикалық көлік құралы - мопедтер мен рельстік көлік құралдарын қоспағанда, қозғалтқышпен қозғалысқа келтірілетін, өздігінен жүретін жол көлік құралы. Ұғым тракторлар мен өздігінен жүретін машиналар жол жүрісіне қатысқан кезде оларға да қолданылады;
46) мопед – цилиндрінің көлемі елу текше сантиметрден аспайтын іштен жану қозғалтқышымен не электр қозғалтқышпен жабдықталған және ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына елу километрден аспайтын екі немесе үш дөңгелекті көлік құралы. Мопедтерге аспалы қозғалтқышы бар велосипедтер, мокиктер, скутерлер және осыған ұқсас сипаттамалары бар басқа да көлік құралдары теңестіріледі;
47) мотоцикл - қозғалтқышы бар, бүйір тіркемесімен немесе онсыз екі дөңгелекті механикалық көлік құралы. Мотоциклдерге жүктемесіз салмағы төрт жүз килограмнан аспайтын үш және төрт дөңгелекті көлік құралдары, цилиндрінің көлемі 50 текше сантиметрден асатын скутерлер және осыған ұқсас сипаттамасы бар басқа көлік құралдары теңестіріледі;
47-1) озып шығу – көлік құралының бір бағытта, көрші жолақпен жүріп келе жатқан көлік құралының жүріс жылдамдығынан жоғары жылдамдықпен жүруі;
48) рұқсат етілген ең жоғарғы масса - жасаушы-кәсіпорын ең жоғары рұқсат етілетін ретінде белгілеген, көлік құралының жүк тиелген, жүргізуші мен жолаушылары бар массасы. Көлік құралдары құрамының, яғни тіркелген және біртұтас ретінде қозғалатын рұқсат етілген ең жоғары масса көлік құралының құрамға кіретін ең жоғары рұқсат етілген массасының жиынтығы болып қабылданады;
49) реттеуші - жолдағы жүрісті басқару бойынша реттеу іс-әрекеттерін орындауға уәкілетті, тиісті куәлігі мен жабдығы (нысандық киімі немесе айырым белгісі — қолына тағатын байлауышы, ала таяғы, қызыл белгісі не жарық шағылыстырғыш дискісі, қызыл шам немесе жалаушасы) бар, тәуліктің кез келген уақытында танылатын және көрінетін ішкі істер органдарының, әскери полиция қызметкері немесе жол-коменданттық бөлімшенің әскери қызметшісі, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі көліктік бақылау органдарының (бұдан әрі - көліктік бақылау органдары) қызметкері, жол-пайдалану қызметінің қызметкері, теміржол өткеліндегі, паром өтпесіндегі кезекші;
49-1) такси – Автомобиль көлiгiмен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларына сәйкес жабдықталған жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдауға арналған жеңiл автомобиль;
50) тәуліктің қараңғы уақыты — кешкі қара көлеңкеден таңертеңгі елең-алаңға дейінгі уақыт аралығы;
51) теміржол өтпесі — жолдың темір жолдармен бір деңгейде қиылысуы. Жақын жердегі рельстен 10 м арақашықтықта жорамалданған сызықпен шектелген жол учаскесі өтпенің шекарасы болып табылады;
52) тоқтап тұру - көлік құралының жүрісін жолаушыларды отырғызуға немесе түсіруге не көлік құралын тиеуге немесе түсіруге байланысты емес себептер бойынша бес минуттан асатын уақытқа әдейі тоқтату;
53) тротуар - жолдың жүру бөлігіне қосылған немесе одан газонмен бөлінген, жаяу жүргіншінің жүруіне арналған жол бөлігі;
54) тұрғын аймақ - 5.38 белгісімен белгіленген учаске, құрылыс салынған аумақ немесе алқап;
55) тіркеме - қозғалтқышпен жабдықталмаған және механикалық көлік құралының құрамында жүруге арналған көлік құралы. Ұғым жартылай тіркемелер мен ұзартылмалы тіркемелерге де қолданылады;
56) ұйымдасқан жаяу жүргіншілер легі - осы Қағидалардың 3-бөлімі 2-тармағының талаптарына сәйкес ұйымдастырылған және белгіленген жолмен жүріп бара жатқан жаяу жүргіншілер тобы;
57) ұйымдасқан көлік легі - көк түсті жарқылдақ маягі немесе көк және қызыл түсті маягі іске қосылған бас көлік құралы ілесіп жүретін, фаралары үнемі жанып тұрған, бір жүру жолағымен тікелей бірінің артынан бірі жүріп келе жатқан үш немесе одан да көп механикалық көлік құралдарының тобы;
57-1) шектеулі көріну – жүргізушіге жергілікті жердің бедерімен, жолдың геометриялық параметрлерімен, өсімдіктермен, салынған үйлермен, құрылыстармен немесе өзге де объектілермен, оның ішінде көлік құралдарымен шектелген жүріс бағытындағы жолдың 100 метрден кем көрінуі;
57-2) іргелес аумақ – жолға тікелей іргелес және көлік құралдарының тура жүруіне арналмаған аумақ. Іргелес аумақ бойымен жүру осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады;
58) ірі көлемді көлік құралы - көлемі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген көлем мөлшерінен асатын, жүгі бар немесе жүксіз көлік құралы.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер – ҚР Үкіметінің 02.08.2017 № 463 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.10.2017 № 667 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.
3. Қазақстан Республикасының аумағында көлік құралдарының оң жақпен жүруі белгіленген.
4. Жол жүрісін ұйымдастыруда қажетті өзгерістер мен шектеулер тек жол белгілерінің, жол таңбаларының, бағдаршамдар мен реттеушілер сигналдарының көмегімен, сондай-ақ қозғалысты реттеуге уәкілетті адамдардың өкімдерімен ғана белгіленген тәртіппен енгізіледі.
Жолдарда немесе жолдардың жекелеген учаскелерінде жол жүрісін ұйымдастыруды өзгерткен кезде жол жүруге қатысушыларға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланады.
5. Жол жүрісіне қатысушылар жол жүрісі үшін қауіп туғызбайтындай және зиян келтірмейтіндей етіп іс-қимыл жасауы тиіс.
1) Қағидаларды, "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын білуге және сақтауға;
2) реттеушінің және бағдаршам сигналдарының, жол жүрісін реттеу үшін қолданылатын жол белгілерінің, жол таңбаларының, жол жұмыстары кезінде пайдаланылатын дыбыс және жарық сигналдарының, жедел және арнаулы қызметтердің көлік құралдарының арнайы жарық және дыбыс сигналдарының талаптарын орындауға;
3) жол жүрісі үшін қауіпсіз жағдайлар жасауға, өз әрекетімен немесе әрекетсіздігімен жол жүрісіне басқа қатысушыларға, олардың көлік құралдары мен өзге де мүлкіне зиян келтірмеуге;
4) жол жабынын бүлдірмеуге және ластамауға, жол белгілерін алып тастамауға, оларды көлегейлемеуге және бүлдірмеуге, жол белгілерін, бағдаршамдарды және жол жүрісін ұйымдастырудың басқа да техникалық құралдарын өз бетімен орнатпауға;
5) жол жүрісін қиындатпауға немесе жол жүрісіне кедергі келтіретін заттарды немесе материалдарды жолға лақтыру, түсіріп кету немесе қалдыру арқылы оның қауіпсіздігіне қатер төндірмеуге, жол жүрісі үшін бөгет жасауы, адамдарға қауіп төндіруі немесе мүлікке залал келтіруі мүмкін кез келген әрекеттерден тартынуға;
6) жолда жол жүрісі үшін кедергі анықталған немесе келтірілген жағдайда осы кедергіні жою жөнінде шаралар қолдануға, ал, егер бұл мүмкін болмаса - "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасы Заңның талаптарына сәйкес немесе жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өзге де тәсілмен осы кедергіні белгілеуге және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органға немесе жол иелеріне кедергі туралы хабарлауға;
7) адал, әдепті әрекет етуге, мұқият және өзара сыпайы болуға, жол жүрісі үшін кедергілер мен қауіп келтірмеуге;
8) жолдарды ластауға жол бермеуге, оның ішінде арнайы бөлінген орындардан тыс жерге қоқыстарды, жол жүрісі үшін қауіп келтіретін заттарды және өзге де заттарды тастамауға;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жол жүрісі саласындағы өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
6. Қағидаларды бұзған адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілік жүктеледі.
7. Көлік құралын тоқтатқан жағдайда көлік құралы жүргізушісінің құжаттарын тексеруге немесе көлік құралын пайдалануға құқығы бар адамдар көлік құралына кідірмей жақын келеді, көлік құралын тоқтату себептерін түсіндіреді және жүргізушінің талап етуі бойынша танысу және тегі мен лауазымын анықтау үшін қызметтік куәлігін жүргізушіге берместен, егер көлік құралы жүргізушісінің "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын және (немесе) осы Қағидаларды бұзуы сертификатталған арнайы техникалық құралдармен және аспаптармен тіркелсе, жүргізушіге тиісті материалдарды танысу үшін оны көрсетеді.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 21.10.2017 № 667 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
8. Жол-көлік оқиғасы болған жағдайда, егер зардап шеккендер болмаса, болған оқиғаның мән-жайларын бағалауда жүргізушілер өзара келіскен кезде оқиғаның схемасын алдын ала жасап және оған қол қойып, оқиғаны ресімдеу үшін ішкі істер органдарының жақын бөлімшесіне келеді.