Қылмыстық iс сотқа келіп түскен кезде соттың төрағасы немесе оның тапсырмасы бойынша басқа судья iстi сотта iс жүргiзуге қабылдау туралы мәселенi шешедi.
Судья келiп түскен iс бойынша:
1) жалпы немесе қысқартылған тәртіптегі басты сот талқылауын тағайындау;
2) iстi алдын ала тыңдауды жүргiзу туралы шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.
Судья iс бойынша шешiмдi қаулы нысанында қабылдайды, онда:
1) қаулының шығарылған уақыты мен жерi;
2) қаулыны шығарған судьяның лауазымы мен тегi;
3) қабылданған шешiмдердiң негiздерi мен мәнi көрсетiлуге тиiс.
Шешiм iс сотқа келiп түскен кезден бастап бес тәулiктен кешiктiрiлмей қабылдануға тиiс.
Судья қаулы шығарумен бiрмезгілде айыпталушыға бұлтартпау шарасын қолданудың немесе қолданбаудың негiздiлiгi туралы және егер бұлтартпау шарасы таңдалса, оның түрiнiң негiздiлiгi немесе негiзсiздiгi туралы мәселенi қарауға, егер осы уақытқа дейін бұлтартпау шарасын қолдану мерзімі өтіп кетсе, оны ұзартуға мiндеттi.
Судья сот отырысын тағайындау мүмкiндiгi туралы мәселенi шешу кезiнде сотталушылардың әрқайсысына қатысты мыналарды:
1) iстiң осы соттың соттылығына жататынын-жатпайтынын;
2) iс бойынша iс жүргiзудi тоқтатуға не тоқтата тұруға әкеп соқтыратын мән-жайлардың бар-жоғын;
3) сотқа дейінгі тергеп-тексеру, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру жүргізу, процестік келісім жасасу, медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу кезінде сот отырысын тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық-процестік заңды бұзуға жол берілгенін-берілмегенін;
4) айыптау актісі көшірмелерінің берілгенін-берілмегенін;
5) айыпталушыға таңдалған бұлтартпау шарасының өзгертілуге немесе күші жойылуға немесе оны қолдану мерзімінің ұзартылуға жататынын-жатпайтынын;
6) қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірiлген залалды өтеудi және мүлікті ықтимал тәркiлеудi қамтамасыз ету шаралары қабылданғанын-қабылданбағанын;
7) арыздар мен өтiнiшхаттардың бар-жоғын анықтауға тиiс.
Аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша алдын ала тыңдау өткізу міндетті. Басқа істер бойынша алдын ала тыңдау iстi соттылығы бойынша жiберу, істі прокурорға жіберу, iстi тоқтату, іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы шешімдерді қабылдау, қылмыстық iстердi бiрiктiру және бөліп шығару, сондай-ақ тараптардың өтiнiшхаттарын қарау қажет болған жағдайда өткiзіледi.
Iстi алдын ала тыңдауды судья оны өткізу туралы қаулы шығарылған кезден бастап он тәулік ішінде сот отырысында жеке-дара жүргiзедi. Iстi алдын ала тыңдау өткiзiлетiн уақыт пен орын туралы тараптарға хабарланады. Iстi алдын ала тыңдау барысында хаттама жүргізіледi.
Сот отырысына аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталатын сотталушының, оның қорғаушысы мен мемлекеттiк айыптаушының қатысуы мiндеттi. Өзге қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деп айыпталатын сотталушы, егер ол бұл жөнiнде өтiнішхат жасаса, алдын ала тыңдау оның қатысуынсыз жүргiзiледi. Қорғаушы дәлелдi себептерсiз келмей қалған жағдайда, сондай-ақ оның алдын ала тыңдауға қатысуға мүмкiндiгi болмаған кезде, судья сот отырысына жаңадан тағайындалған қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге шаралар қолданады. Сот отырысына жәбiрленушi мен оның өкiлiнiң, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкілдерiнiң келмеуi iстi алдын ала тыңдауға кедергi келтірмейді.
Алдын ала тыңдау барысында судья соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99 (екінші бөлігінің 15) тармағында), 170 (төртінші бөлігінде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртінші бөлігінде), 263 (бесінші бөлігінде), 286 (төртінші бөлігінде), 297 (төртінші бөлігінде), 298 (төртінші бөлігінде), 299(төртінші бөлігінде) - баптарында көзделген қылмыстар туралы істерді қоспағанда, жасалғаны үшін қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмысты жасады деп айыпталатын сотталушыдан оның ісін алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхаттың бар-жоғын, егер осындай өтінішхат мәлімделген болса, оның өз өтінішхатын қолдайтынын-қолдамайтынын анықтайды.
Судья істi алдын ала тыңдау нәтижелерi туралы қаулы шығарады, онда қаралған мәселелер бойынша шешiмдi баяндайды. Істi соттылығы бойынша жiберуге, іс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұруға, iстi тоқтатуға негiздер болмаған кезде сот ҚР ҚПК-ның 322-бабының талаптарын сақтай отырып, басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулы шығарады.
Егер алдын ала тыңдау барысында прокурор айыптауды өзгертсе, ол жаңа тұжырымдауды сотқа жазбаша түрде ұсынады және судья мұны қаулыда көрсетедi. Егер прокурордың айыптауды өзгертуi соттылықтың өзгеруiне әкеп соқса, судья iстi айыптау актісін қайта жасау және iстi соттылығы бойынша жiберу үшiн прокурорға қайтарады.
Судья басты сот талқылауын ҚР ҚПК-ның 321-бабының бесінші бөлігіне сәйкес не сотқа дейінгі іс жүргізу барысында осы Кодекстiң процеске қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз ету жөнiндегi барлық талаптары сақталды және сотта iстi қарауға кедергi келтiретiн өзге мән-жайлар жоқ деген түйінге келе отырып, алдын ала тыңдауды өткiзбестен тағайындайды.
Басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулыда:
1) сотталушы болып табылатын адамды көрсету;
2) ол сотқа берілген қылмыстық заңды дәл көрсету;
3) бұлтартпау шарасы мен азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету шараларын сақтау, олардың күшін жою, оларды өзгерту немесе таңдау және ықтимал тәркілеу туралы шешiм;
4) процеске қатысушылардың қарсылық білдірулері, өтiнiшхаттары мен өзге де мәлiмдемелерi бойынша шешiмдер;
5) айыпталушының таңдаған адамын қорғаушы ретiнде жіберу немесе алдыңғысына қорғаушы тағайындау туралы шешiм;
6) басты сот отырысына шақырылуға жататын адамдардың тiзбесi қамтылуға тиіс. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында айғақтары сақтауға қойылған адамдар сот отырысына шақырылмайды;
7) заң соталушының iсiн сырттай қарауға жол беретiн жағдайда iстi оның қатысуынсыз тыңдау туралы шешiм;
8) басты сот талқылауының орны мен уақыты туралы мәлiметтер;
9) ҚР ҚПК-да көзделген жағдайларда, iстi жалпы немесе қысқартылған тәртіппен, ашық немесе жабық сот отырысында қарау туралы шешiм;
10) сот ісін жүргiзу тiлі туралы шешiм;
11) запастағы судья туралы шешiм қамтылуға тиiс.
Егер iс бойынша алдын ала тыңдау жүргiзiлсе, басты сот отырысын тағайындау туралы қаулыда талқылауға қойылған мәселелер жөнiндегi шешiмдер көрсетілуге тиіс.
Басты сот талқылауы тараптарға сот отырысының болатын орны мен басталатын уақыты туралы хабарланған кезден бастап кемiнде үш тәулiк өткеннен кейiн және ол қысқартылған тәртіппен қаралатын кезде – оны тағайындау туралы қаулы шығарылған кезден бастап он тәуліктен кешіктірілмей және жалпы тәртіппен қаралатын кезде – он бес тәулiктен кешiктiрiлмей басталуға тиiс. Айрықша жағдайларда бұл мерзiм судьяның қаулысымен, бiрақ отыз тәулiктен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Басты сот талқылауы қисынды мерзімде аяқталуға тиіс. Қысқартылған іс жүргізу кезінде басты сот талқылауы ҚР ҚПК-ның 382-бабының екінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде аяқталуға тиіс.
Басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық-процестік заңнаманы елеулі түрде бұзушылықтар анықталған, сондай-ақ олар сотқа дейінгі жеделдетілген іс жүргізу істері бойынша немесе жасалған процестік келісімдері бар істер бойынша басты сот талқылауында анықталған кезде, сот оларды жою үшін істі прокурорға қайтарады.
Судья iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру туралы қаулыны ҚР ҚПК-ның 45-бабының бiрiншi, екiншi, үшінші бөлiктерiнде көзделген негiздер бойынша шығаруы мүмкiн.
Iс бойынша iс жүргiзу, бұл бiрнеше сотталушылардың бiреуiнің қорғалу құқығына немесе басқа да сотталушылардың қорғалу құқықтарына қысым көрсетілмеген жағдайда, олардың біреуіне қатысты тоқтатыла тұруы мүмкiн. Өздеріне қатысты iс жүргiзу тоқтатыла тұрмайтын сотталушылар күзетілуде болған және судья оларға бұлтартпау шарасын өзгертудi мүмкiн деп таппаған жағдайда iс жүргiзу алты айдан аспайтын мерзiмге тоқтатыла тұруы мүмкiн. Егер осы уақыт iшiнде сотталушылардың бiреуiне қатысты iс жүргiзудi тоқтата тұру үшін негiздер жойылмаса, онда басқа сотталушыларға қатысты iс жүргiзу қайта басталуға және басты сот талқылауының күнi тағайындалуға тиiс.
Іс бойынша іс жүргізу ҚР ҚПК-ның 45-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1) тармағында көзделген негiз бойынша тоқтатыла тұрған кезде, ҚР ҚПК-ның 335-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, iс прокурорға қайтарылады.
Анықтаушы, тергеушi немесе прокурор қылмыстық құқық бұзушылықпен келтiрiлген залалды өтеудi және мүлiктi ықтимал тәркiлеудi қамтамасыз ететiн шаралар қабылдамаған жағдайда, судья оларды қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолдануды қылмыстық қудалау органдарына мiндеттейдi.
Егер судья iстiң өзiнің соттылығына жатпайтынын анықтаса, онда ол мұндай шешiмнiң заңдық негiздерiн келтiре отырып және iс жолданатын сотты көрсетіп, iстi соттылығы бойынша жiберу туралы қаулы шығарады, ол туралы процеске қатысушыларға хабарлайды.
Судья алдын ала тыңдау барысында немесе басты сот талқылауында істі ҚР ҚПК-ның 35-бабының бiрiншi бөлiгiнде және 36-бабының бірінші бөлігінде көрсетiлген негiздер бойынша, сондай-ақ басты сот талқылауында мемлекеттiк айыптаушы айыптаудан бас тартқан жағдайда тоқтату туралы қаулы шығарады. Судья істi тоқтату туралы шешiм қабылдай отырып, бұлтартпау шарасын, азаматтық талап қоюды және мүлікті тәркiлеудi қамтамасыз ету шараларының күшін жояды және заттай дәлелдемелер туралы мәселенi шешедi. Судьяның iстi тоқтату туралы қаулысының көшiрмесi прокурорға жiберiледi, сондай-ақ қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамға және жәбiрленушiге табыс етіледі.
Судья басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейiн судья тараптарға iстiң сотқа дейiнгi iс жүргiзу сатысында өздерiне таныстырылмаған барлық материалдарымен танысу, олардан мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, қажеттi мәлiметтердi көшіріп алу және ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен көшірмелерін түсіріп алу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
Егер сот отырысын тағайындау туралы мәселенi шешу кезiнде бұлтартпау шарасы өзгертілсе немесе сотқа шақырылуға жататын адамдардың тiзiмi өзгертiлсе не прокурор айыптауды өзгертсе, онда сотталушы адамға, оның қорғаушысына, жәбірленушіге және оның өкіліне судьяның көрсетілген шешімдер жөніндегі қаулысының көшiрмесi және прокурор жасаған айыптаудың жаңаша тұжырымдалуы табыс етіледі.
Судья өзiнiң қаулысында көрсетiлген адамдарды сот отырысына шақыру туралы өкiм бередi, сондай-ақ сот отырысын дайындау үшiн шаралар қолданады.
Қорғау куәлары мен айыптау куәларының сот отырысына келуін қамтамасыз ету тиісті тараптарға жүктелуі мүмкін. Қысқартылған тәртіппен сот талқылауы тағайындалған кезде сот отырысына куәлар шақырылмайды.
Сот талқылауында iс бойынша барлық дәлелдемелер тiкелей зерттелуге жатады. Сот осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, сотталушының, жәбiрленушiнiң, куәлардың айғақтарын тыңдауға, сарапшылардың қорытындыларын жария етуге және зерттеуге, заттай дәлелдемелердi қарап-тексеруге, хаттамалар мен өзге де құжаттарды жария етуге, дәлелдемелердi зерттеу бойынша басқа да сот әрекеттерiн жүргiзуге тиiс.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргiзу кезiнде берiлген айғақтарды жария ету тек осы Кодексте көзделген айрықша жағдайларда ғана мүмкiн болады.
Соттың үкiмi – тек сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге, ал сот тергеуiнiң қысқартылған тәртібінде – тергеу мен анықтауды жүргiзу кезiнде алынған және сотта тараптар дауласпаған дәлелдемелерге ғана негiзделуi мүмкін.
Iстi тек бiр ғана сол судья қарауға тиiс.
Судьяның сот талқылауына қатысуды жалғастыруына мүмкiндік болмаған кезде ол басқа судьямен алмастырылады, ал iстi талқылау, ҚР ҚПК-ның 333-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, басынан қайта басталады.
Басты сот талқылауы, осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, сотталушының мiндеттi түрде қатысуымен өтедi. Сотталушы келмеген кезде iс кейiнге қалдырылуға тиiс. Сот дәлелдi себептерсiз келмеген сотталушыны күштеп әкелуге, сол сияқты оған қатысты бұлтартпау шарасын қолдануға немесе өзгертуге құқылы.
Істі сотталушының қатысуынсыз талқылауға:
1) қылмыстық терiс қылық не онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасады деп сотталушы, айыпталушы iстi өзінің қатысуынсыз қарау туралы өтiнiшхат берген;
2) сотталушы Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болған және сотқа келуден жалтарған;
3) күзетпен ұсталып отырған сотталушы сот отырысына келуден және қатысудан бас тартқан жағдайларда ғана жол берiлуi мүмкiн.
Сотталушының қорғаушысы басты сот талқылауына ҚР ҚПК-ның 67-бабында көзделген жағдайларда, сондай-ақ сотталушының, олардың заңды өкілдерінің, сондай-ақ сотталушының тапсырмасы немесе келісімі бойынша өзге адамдардың шақыруы бойынша қатысады.
Қорғаушы келмеген және оны осы сот отырысында алмастыру мүмкiн болмаған кезде iстi талқылау кейiнге қалдырылады. Сот отырысына келмеген қорғаушыны алмастыруға сотталушының келiсiмімен ғана жол берiледi. Егер сотталушы шақырған қорғаушының қатысуы бес тәулік iшiнде мүмкiн болмаса, сот ҚР ҚПК-ның 68-бабына сәйкес, басты сот талқылауын кейiнге қалдыра отырып, сотталушыға басқа қорғаушыны таңдауды ұсынады, ал ол бас тартқан кезде жаңа қорғаушыны тағайындайды.
Сотталушы қорғаушыдан бас тартқан кезде, сот қорғаушыдан бас тартуды қабылдау не қабылдамау туралы қаулы шығарады.
Iске жаңадан кiрiскен қорғаушыға сот талқылауына қатысуға дайындалу үшiн қажеттi уақыт берiледi. Ол өзi iске кiрiскенге дейiнгі сот талқылауында жасалған кез келген әрекеттi қайталау туралы өтiнiшхат жасауға құқылы.
Сотталушының қорғаушысы ҚР ҚПК-ның 122-бабының үшінші бөлігінде көзделген тәртіппен жиналған заң көмегін көрсету үшін қажет нәрселерді, құжаттар мен мәліметтерді ұсынады, басқа дәлелдемелерді зерттеуге қатысады, сотқа айыптаудың мәнi және оның дәлелденгендiгi жөнiнде, сотталушының жауаптылығын жеңiлдететiн немесе оны ақтайтын мән-жайлар, жазалау шарасы туралы, сондай-ақ сот талқылауында туындаған басқа да мәселелер бойынша өзiнiң пiкiрiн баяндайды.
Жекеше айыптау iстерiн қоспағанда, прокурордың мемлекеттiк айыптаушы ретiнде бас сот талқылауына қатысуы мiндеттi.
Күрделi және көп эпизодты iстер бойынша мемлекеттiк айыптауды бiрнеше прокурор қолдауы мүмкiн.
Егер сот талқылауы кезiнде прокурордың одан әрi қатысуға мүмкiндігі жоқтығы анықталса, ол алмастырылуы мүмкiн. Iске жаңа прокурордың кiрiсуi осы уақытқа дейiн сотта жасалған әрекеттердi қайталауға әкеп соқпайды, бiрақ прокурордың өтiнiшхаты бойынша сот оған iстiң материалдарымен танысу үшiн уақыт бере алады.
Прокурор дәлелдемелердi ұсынады және оларды зерттеуге қатысады, сотқа айыптаудың мәнi бойынша, сондай-ақ сот талқылауы кезiнде туындаған басқа да мәселелер бойынша өзiнiң пiкiрiн баяндайды, сотқа қылмыстық заңды қолдану және сотталушыға жаза тағайындау туралы ұсыныс айтады.
Прокурор, егер азаматтардың құқықтарын, мемлекеттiк немесе қоғамдық мүдделердi қорғау осыны талап етсе, iс бойынша азаматтық талап қояды немесе қойылған азаматтық талапты қолдайды.
Прокурор айыптауды қолдай отырып, заң талаптарын және iстiң барлық мән-жайларының қаралу нәтижелерiне негiзделген өзiнiң iшкi сенімін басшылыққа алады. Прокурор айыптауды өзгерте алады. Прокурор, егер айыптау сот талқылауында қолдау таппады деген түйінге келсе, айыптаудан (толық немесе iшiнара) бас тартуға мiндеттi. Сот тергеуi немесе сот жарыссөзi кезiнде мемлекеттiк айыптаушының айыптаудан бас тартуына жол беріледi.
Прокурор айыптаудан толық бас тартқан жағдайда, егер айыптаудан жәбiрленушi де бас тартса, сот өз қаулысымен iстi тоқтатады. Егер жәбiрленушi айыптауды талап етсе, сот талқылауды жалғастырып, істі жалпы тәртiппен шешедi. Бұл жағдайда прокурор процеске одан әрi қатысудан босатылады, ал айыптауды жәбiрленушiнiң өзi немесе өкiлi арқылы қолдайды. Жәбiрленушiнiң өтiнiшхаты бойынша сот оған өкiл шақыру үшiн уақыт беруге тиiс. Прокурор мен жекеше айыптаушы айыптаудан iшiнара бас тартқан кезде сот істі айыптаушы тараптың айыптаудан бас тартқан бөлiгiнде тоқтатады, іс айыптаудың қалған бөлiгiнде жалпы тәртiппен қаралады. Егер прокурор айыптауды өзгертсе және жәбірленуші бұрынғы айыптауды табанды түрде қорғамаса, сот iстi жаңа айыптау бойынша қарайды.
ҚР ҚПК-ның көзделген жағдайларда прокурор сотталушымен процестік келісім жасасуға құқылы. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 68-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар болған кезде прокурор қылмыстық істі тоқтату туралы өтінішхат беруге құқылы.
Басты сот талқылауы жәбiрленушiнiң немесе оның өкiлiнiң қатысуымен жүргiзiледi.
Жәбiрленушi келмеген жағдайда сот iстi талқылау немесе оны талқылауды жәбiрленушi болмағанда iстiң барлық мән-жайларын толық анықтаудың және оның құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғаудың мүмкiн болуы-болмауына қарай кейiнге қалдыру туралы мәселенi шешедi. Егер сот отырысына жәбiрленушiнiң өкiлi келсе, сот бұл мәселенi өкiлдiң пiкiрiн ескере отырып шешедi.
Жәбiрленушiнiң өтiнiшхаты бойынша сот оны айғақтар беру үшiн белгiлi бір уақытта келуге мiндеттей отырып, сот отырысына қатысудан босата алады.
Жекеше айыптау iсi бойынша жәбiрленушiнiң сот отырысына дәлелді себептерсіз келмеуi iстi тоқтатуға әкеп соғады, алайда сотталушының өтiнiшхаты бойынша iс мәнi бойынша жәбiрленушiнiң қатысуынсыз қаралуы мүмкiн.
Егер сіздерге қылмыстық істер бойынша сот процестерінде істеріңізді жүргізуге байланысты білікті маманның құқықтық көмегі қажет болса, Нұр-Сұлтан қаласының адвокатымен мына телефондар арқылы хабарласыңыз:
+7 (7172) 35-65-19; +7 775 380 96 52.